Билет сатып алу
ТЕАТР КҮНІ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында 27 наурыз – Халықаралық театр күніне орай мерекелік шара өтті.

Осы атаулы күнде «Қаллеки тынысы» атты спектакльдер шеруінің қорытындысы жасалып, үздіктер анықталды.  Сарапшылар шешімімен «Үздік спектакль» номинациясын «Баян Сұлу – Қозы Көрпеш» спектаклі иеленді. «Үздік ер алам рөлі» Асылбек Қапаевқа («Жошы хан» спектакліндегі Шыңғыс хан рөлі үшін) бұйырса, «Үздік әйел рөлін» Айнұр Жетпісбаева («Баян Сұлу – Қозы Көрпеш» спектакліндегі Күнікей рөлі үшін) иеленді. Сонымен қатар, «Екінші пландағы үздік ер адам рөлін» Нұрсұлтан Есен («Бала Мерген» ертегісіндегі Төртқұлақ хан рөлі үшін) қанжығаласа, «Екінші пландағы үздік әйел рөлін» Бегімнұр Қалила («Баян Сұлу – Қозы Көрпеш» спектакліндегі Таңсық рөлі үшін) алды.

Көрермен таңдауы бойынша «Үздік Актер» – Қайыржан Садық, «Үздік Актриса» – Ақмарал Танабаева, «Үздік спектакль» – Жошы хан спектаклі. «Қаллеки тынысы» атты спектакльдер шеруінде он күн бойы өнер көрсеткен, сахна төрінен орын алған марапат иелері ыстық ықылас пен ду қол шапалаққа бөленді.

Жалпы, өнер атаулының ішіндегі шоқтығы биігі – театр өнері. Театр адам баласының жан дүниесін байытып, ізгілік пен зұлымдық, махаббат пен қиянат сынды қасиеттердің ара жігін ажырата білуге, адамгершілікке тәрбиелейді. Әсіресе, өскелең ұрпақтың бойындағы мәдениетті дамытуда театрдың рөлі айрықша.

Сонымен қатар мерекелік концерт барысында театр өнерінің дамуына сүбелі үлестерін қосып келе жатқан бірқатар актерлер мен ұжым қызметкерлеріне министр және мәдениет комитеті төрағасының алғыс хаттары табыс етілді.