Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының 33 жылдығына орай,
театр негізін қалаушы актер, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Еңбек ардагері ЖҮНІСОВ ШӘМІЛ СЫЗДЫҚҰЛЫНЫҢ (1940-2013 жж)
құрметіне 15 ҚАРАША күні сағат 11.00-де
мемориалдық тақта орнатылады.
15 қараша – Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының құрылғанына 33 жыл!
Осыған орай, театр негізін қалаушыларының бірі, актер, Қазақ КСР еңбек сіңірген артисі, Еңбек ардагері, сахна өнерінің саңлағы Жүніс Шәміл Сыздықұлының 1990-2000 жылдары тұрған үйіне (Жанайдар Жирентаев көшесі, 14 үй) ескерткіш тақта орнатылады. Ескерткіш тақта орнату шарасы Шәміл Сыздықұлының жұбайы Жақсылықова Ғалия Давыдқызының қолдауымен ұйымдастырылады.
Шәміл Жүніс – 1940 жылы қаңтар айының 30 жұлдызында Ресей Федерациясы, Челябинск облысының Бреды станциясында дүниеге келген.
1948-1958 жылдары Қостанай қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы қазақ мектеп интернатында он жылдық мектепте білім алды.
1958-1960 жылдары Алматы қаласындағы Академиялық қазақ драма театрының драма студиясын бітіріп, театр актері мамандығын алды.
1960-1990 жылдары Мәдениет министрлігінің жолдамасымен Қарағанды қаласындағы С.Сейфуллин атындағы қазақ театрында отыз жыл қызмет жасады.
1990 жылы 1 қыркүйекте Целиноград облысы әкімшілігінің шақыруымен қазақ драма театрын ашуға шақырылды. Қазіргі Астана қаласының Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында сахна шебері ретінде еңбек етті. Яғни, осы аталмыш өнер шаңырағының негізін қалаушылардың бірі.
200-ге жуық рөлді сахнаға бейнелеп шығарды.
Соның ішінде: М. Әуезов «Түнгі сарын»– Кәрім, «Абай»– Мағауия, Сырттан, «Еңлік Кебек»– Абыз, Қараменде «Айман Шолпан» –Жарас, «Қарагөз»– Жарлығап, Дулат, Ғ. Мүсірепов «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» –Қарабай,Жантық, «Қыз Жібек»– Базарбай, «Ұлпан»–Мүсіреп, «Амангелді»–Мұңайтпас, «Ақан Сері-Ақтоқты» – Науан, У.Шекспир «Ромео мен Джульетта» –Ромео, Капуллети, Ш.Құсайынов «Алдар Көсе»– Алдар, Шығайхан, С. Жүнісов «Қызым саған айтам»–Құмар, «Жаралы гүлдер» – Баттал, Ш. Айтматов «Ана – Жер Ана» – Пошташы, «Ғасырдан да ұзақ күн»– Ревизор, І. Жансүгіров,С.Назарбекұлы «Махамбет»– Шонты би, Қ. Ысқақов «Шырғалаң» – Бахтияр, С. Мұқанов «Мөлдір махаббат» – Әбутәліп, Н.В. Гоголь «Үйлену» – Кочкарев, Островский «Найзағай» – Кулибин, Тихин, Қ.Мұхамеджанов «Бөлтірік бөрік астында» –Сайлаубек, «Құдағи келіпті» –Дауылбай, «Жат елде» –Асан, Ә. Тәжібаев «Жалғыз ағаш орман емес»–Айдабол, «Майра»– Дүрбіт, А. Дударев «Кеш», т.б. спектакльдерді сахна төріне шығарып көрермендер ризашылығына бөленді.
1967 жылы Қазақстан Республикалық театрлар фестивалінің лауреаты, «Амангелді» спектакліндегі Мұңайтпас рөлі үшін І-ші дәрежелі дипломанты атанды.
1981 жылы Құрмет белгісі орденімен марапатталды.
1982 жылы «Қазақстанның еңбегі сіңірген артисі» атағын алды.
1985 жылы Еңбек ардагері медалімен марапаталды.
1987 жылы Мәдениет министрлігінің «Құрмет грамотасына» ие болды.
1996 жылы Түркі тілдес елдердің ІІ Халықаралық фестивалінің лауреат-дипломанты ретінде марапаталды.
2002 жылы Ғ.Мүсіреповтің туғанына 100 жылдық мерейтойына арналған Петропавлда өткен республикалық театр фестивалінің лауреаты атанды.
1991 жыл 15 қараша күні театрдың негізін қалаушы, режиссер, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жақып Омарұлы сахналауындағы Ғ.Мүсіреповтың «АҚАН СЕНІ – АҚТОТЫ» спектаклімен театр шымылдығын түрді.
Театр ұжымы өзінің алғашқы жүлдесін 1996 жылы Уфа қаласында Түркітілдес мемлекеттер арасында өткен Халықаралық «Туғанлық» театр фестивалінде алды.«Туғанлық» ІІ халықаралық фестиваліне Ш.Құсайыновтың «Алдар Көсе» музыкалық комедиясымен қатысып, үш номинация бойынша жүлдегер атанды: «Өнерді дамытудағы ерен еңбегі үшін» режиссер Ж.Омарұлы, «Үміт» жүлдесі жас ұжымға, «Екінші кезектегі үздік ер кісі» номинациясы Шығай хан рөлі үшін актер Ш.Жүніске берілді.
Өтетін күні: 15 қараша 11.00
Өтетін орны: (Астана қ, Ж.Жирентаев көшесі, 14 үй)
Толық ақпарат үшін: +77059902595
+ 7702 857 5161