Тігіншілік өнерді бала кезден үйреніп, ел ішінде халыққа осы қызметін ұсынып жүрген тігіншілер көп. Пішу, тігу, құрау сынды машықтар олардың бәріне тән. Дегенмен театрдың тігіншісі болу сәл басқаша, ол ұжыммен бірлескен жұмысты және жан-жақты ізденісті қажет етеді. Кейіпкеріміз – елордадағы Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театры киім тігу бөлімінің басшысы Алмагүл КЕНЖЕБЕКОВА – сол ерекше өнердің иесі
Алмагүл тігіншіге бұл өнері әжесінен дарыған. Ақмолада туып, осы өңірдің өзіне тән тігіншілік өнеріне машықтанып өскен ол көзін ашып, ес білгелі үнемі қолына ине және жіп ұстаумен келеді екен. Сөйтіп өмірлік мамандығын таңдағанда ол бірден костюм дизайны мамандығына оқыды. Жеке ательесін ашып, кәсібін дөңгелетті. Театрдағы қызметін бірнеше жыл бұрын қазіргі Қаллекидің көне ғимаратында отырғанда бастаған. Ал жаңа ғимаратқа көшкеннен кейін соңғы екі жылдан бері осы қызметте. Осы екі жыл ішінде оның тігіншілер бөлімі 15 қойылымның костюмдерін тіккен. Солардың ішінде «Құнанбай» секілді тарихи қойылымдар ерекше есте қалды.
– Тарихи қойылымдарға киім тігу көп ізденісті талап етеді. Оған матаны ала салып, әйтеуір ұлттық киімді тіге салуға болмайды. Кітаптар мен ескі мұрағат деректерін ақтарып, сол дәуірдегі және оқиға өрбіген өңірдегі киімдердің ерекшеліктерін зерделейміз. «Құнанбай» қойылымын қоярда «Абай жолы» романына және тарихи суреттерге де көз жүгіртіп, қамзол белдіктері, өңірі, етегі, жеңдері қандай болғанын, қандай оюлар салынғанын қарап, қалай пішілгенін бағамдадық. Жалпы театрда костюмдерді бекітуде режиссер және суретшілермен бірлесе жұмыс істейміз. Бірінші сценарий шығады, сосын режиссер жұмысына кіріседі. Суретші сценарий бойынша костюмдердің эскизін жасап, оны көркемдік кеңес бекіткен соң, тігіншілердің жұмысы басталады, – дейді А.Мүбәрәкқызы.
Қойылым барысында көп қозғалып, жүгіріп, құлап, оқыс қимылдар жасауды қажет ететін кейбір кейіпкерлерді ойнайтын актерлер үшін киімдері ықшам, ыңғайлы етіп тігіледі. Олар мұны өздері келіп өтініп сұрайды. Біреуіне сахнада тұрғанда кейбір заттарды тез алып, шығаруға жан қалта, төс қалта керек болса, костюмдерге сондай қосымша өзгерістер білдіртпей енгізіледі. Костюмдерді қалай тігу керегін түсіну үшін тігінші режиссермен де ақылдасып, қойылымның дайындығын да барып көреді.
– Әр рөлге бекітілген актерлерге жеке-дара костюмдер тігіледі. Тіпті бір қойылымды екі құрам ойнайтын болса да, тура сол дизайнмен солардың әрбіріне өзіне сай, өз өлшемімен пішіп, тігеміз. Бұл гигиеналық жағынан да дұрыс, біреудің кигенін кимей, әр актер өзіне арналған костюмімен шығады. Екі бөлмеміз бар, біреуінде киімдер пішіледі, екіншісінде – цехта тігіледі. Дайын киімдер костюмдер цехына жөнелтіледі. Бір қойылымға қанша және қандай мата керегін есептейтін біз оны театр басшылығына айтып, портал арқылы алдыртамыз. Жалпы театрдағы әрбір шаруа осылай барлық ұжымның жұмыла кірісуі арқылы бітеді, – дейді тігінші.
Қазіргі таңда Алмагүл Мүбәрәкқызы басқаратын бөлім тігіншілерінің қолынан шыққан костюмдерді «Алтайдан ауған ел», «Жарқанат», «Күзгі іңір», «Хат», «01» және басқа да қойылымдардан көруге болады.
Қолынан келіп тұрған соң тігінші өзінің отбасындағы жақындарының барлық киімін өзі тігеді. Бізбен кездескенде де үстіне киген әдемі жейдесі мен шалбарын, көктемге киетін сырт күртесін де өзіне шақтап және сапалы матадан қалауынша тігіп алған екен. Алайда қазір тігінші ретінде жеке кәсіп жүргізу аса тиімді емес көрінеді. Себебі қазіргі адамдар ұзақ күткенді қаламайды әрі тігу барысында өлшемін алу үшін баруға да ерінеді немесе уақыт таппайды. Одан да дайынын ала салғанды қолай көреді. Сол себепті Алмагүл тігінші үшін қазіргі жұмысы – негізгі табысы әрі өнер мен руханият ордасы – театрда қызмет етудің шығармашылық адамдары үшін өзіндік ләззаты барын да ақтарыла жеткізді.