Билет сатып алу
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФЕСТИВАЛЬГЕ ШАҚЫРТУ

Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының «Баян Сұлу – Қозы Көрпеш» музыкалық драмасы ұлттық театрлардың «Туғанлық» Халықаралық фестиваліне шақырту алды. Фестиваль 2024 жылдың 16-23 мамыр күндері аралығында Башқұртстанның Уфа қаласында өтеді.

Халықаралық фестивальге Қазақстан, Татарстан, Чувашия, Абхазия, Тыва, Хакасия, Дағыстан, Солтүстік Осетия, Қалмақстан елдерінен 14 театр ұжымы қатысады.

Фестивальде «Үздік спектакль» жүлдесі берілмейді. Қатысушылар «Үздік хореограф», «Үздік режиссер», «Үздік сценограф», «Үздік әйел адам рөлі», «Үздік ер адам рөлі», «Екінші пландағы үздік әйел адам рөлі», «Екінші пландағы үздік ер адам рөлі», «Көрермен көзайымы» номинациялары бойынша марапатталады.

Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры репертуарындағы Ғ.Місреповтің «Баян Сұлу – Қозы Көрпеш» спектаклі бүгінгі күнге дейін халықаралық фестивальдерде театр сарапшыларының жоғары бағасын алып, бас жүлдеге және басқа да номинацияларға лайық деп танылған болатын. Қоюшы режиссері – Гүлназ Балпейісова, дирижер – Маралжан Мырзақұлова, қоюшы суретші – Қанат Мақсұтов, киім суретшісі – Алма Сырбаева, жарық қою бойынша суретші – Нарек Туманян, хореограф – Ильмира Иманғазина, композитор – Олег Синкин. Спектакльде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері А.Нөгербек, «Дарын» Мемлекеттік Жастар сыйлығының лауреаты Ж.Ерболат, «Серпер» сыйлығының лауреаттары – Ш.Ордабаев, О.Дәлелхан, актриса А.Жетпісбаева, С.Анварова, актер М.Наменов, Б.Шалқар, Н.Есен, Б.Қалила, А.Мамыр, Қ.Садықов, Ә.Бектас, М.Макибаева және халық аспаптар ансамблі өнер көрсетеді.

Қаллеки театрының «Баян Сұлу – Қозы Көрпеш» музыкалық драмасы 20 мамыр күні сағат 19.00-де М.Гафури атындағы Башқұрт мемлекеттік академиялық драма театры сахнасында көрсетіледі.