Билет сатып алу
ҚАЗАҚСТАН ДРАМА ТЕАТРЛАРЫНЫҢ XXIX РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ФЕСТИВАЛІ ӨТЕДІ

ҚАЗАҚСТАН ДРАМА ТЕАТРЛАРЫНЫҢ

XXIX РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ФЕСТИВАЛІ ӨТЕДІ

 

2023 жылдың 9-15 қазан күндері аралығында Петропавл қаласында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен және Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының ұйымдастыруымен мемлекет және қоғам қайраткерi Темiрбек Жүргеновтiң 125 жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының  XXIX республикалық фестивалi өтеді. Мәдени шара Темiрбек Жүргеновтiң шығармашылық мұрасын насихаттау және оның eciмін ел есiнде мәңгi қалдыру мақсатында ұйымдастырылады.

Фестивальге Сарапшылар кеңесінің шешімімен іріктеуден өткен 10 театр қатысады. Атап айтқанда: 1. Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театры; 2. Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер театры; 3.  Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театры; 4. Серке Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ драма театры; 5.Нұрмұхан Жантөрин атындағы  Маңғыстау облыстық музыкалық драма театры; 6.Түркістан музыкалық драма театры; 7. Алматы қаласының «Мемлекеттік Қуыршақ театры»; 8. Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыкалық драма театры;  9. «А.И.» театры; 10. «Шам» театры.

Көрермендер А.Чеховтың «БАҚ» (реж: Ұ.Қарыпбаев), Э.Хемингуэйдің «Шал мен теңіз» (реж: Д.Жұмабай), И.Иманның «№37» (реж: Ф.Молдағали), М.Әуезовтің «Қорғансыздың күні» (реж: Г.Мирғалиева), Ш.Құдайбердіұлының «Ұждан» (реж: А.Нигманов), Ф.Г.Лорканың «Бернарда Альбаның үйі» (реж: Д.Жұмабай), Г.Хугаевтың «Қара шекпен» (реж: Е.Кәрібаев), А.Нүсіптің «Мағжан» (реж: D.Livermore), О.Бөкейдің «Атау-кере» (реж: А.Салбан), М.Мағауиннің «Шақан шері» (реж: М.Хабибуллин) спектакльдерін тамашалай алады.

Қойылымдарды белгілі театр сыншыларынан құралған қазылар алқасы бағалайды. Оның ішінде, қазылар алқасының төрайымы, театртанушы, өнертану докторы, профессор Бақыт Нұрпейіс, театртанушы, өнертану кандидаты, профессор Анар Еркебай, театртанушы, өнертану кандидаты, профессор, Халықаралық театр сыншылары бірлестігінің мүшесі Меруерт Жақсылықова, театртанушы, өнертану магистрі Айзат Қадырәлиева, өнертану магистрі Назерке Жұмабай болады.

Фестиваль бағдарламасы бойынша қойылымдар 9-15 қазан күндері аралығында С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театры мен Н.Погодин атындағы орыс драма театрының сахналарында өтеді.

Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының XXІХ республикалық фестивалінің

БАҒДАРЛАМАСЫ

Петропавл қаласы                                                                                              

 9-15 қазан, 2023 жыл