Билет сатып алу
ҚАЗАҚСТАН ДРАМА ТЕАТРЛАРЫНЫҢ XXIX РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ФЕСТИВАЛІ ӨЗ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ

Петропавлда Темiрбек Жүргеновтiң 125 жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының  XXIX республикалық фестивалi аяқталды.

Фестиваль 2023 жылдың 9-15 қазан күндері аралығында Петропавл қаласында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен және Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының ұйымдастыруымен өтті. Мәдени шара Темiрбек Жүргеновтiң шығармашылық мұрасын насихаттау және оның eciмін ел есiнде мәңгi қалдыру мақсатында ұйымдастырылды.

Фестивальге 10 театр қатысты. Қойылымдарды белгілі театр сыншыларынан құралған қазылар алқасы бағалады. Оның ішінде, қазылар алқасының төрайымы, театртанушы, өнертану докторы, профессор Бақыт Нұрпейіс, театртанушы, өнертану кандидаты, профессор Анар Еркебай, театртанушы, өнертану кандидаты, профессор, Халықаралық театр сыншылары бірлестігінің мүшесі Меруерт Жақсылықова, театртанушы, өнертану магистрі Айзат Қадырәлиева, өнертану магистрі Назерке Жұмабай болды.

Іс-шараға белгілі театр және кино актері, «Отан» орденінің иегері Асанәлі Әшімов, Қазақстанның Халық артисі Тілектес Мейрамов, мәдениет және өнер қайраткерлері, облыстық театр труппалары, Петропавл тұрғындары мен қонақтары және т. б. қатысты.

Қазылар алқасының шешімімен «Үздік спектакль» номинациясы бойынша Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының «Бернарда Альбаның үйі» спектаклі (Авторы: Ф.Г. Лорка, Режиссері: Д.Жұмабай), «Үздік режиссерлік шешім» номинациясы бойынша Жүсіпбек Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыкалық драма театрының «Ұждан» (авторы: Ш.Құдайбердіұлы) спектаклі үшін режиссер Азамат Нигманов, «Үздік сценографиялық шешім» номинациясы бойынша Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрының «Атау-кере» спектаклі (Авторы: О.Бөкей, Режиссері: А.Салбан) марапатталды.

«Үздік ер адам рөлі» номинациясына «Шал мен теңіз» спектакліндегі (Авторы: Э.Хемингуей, Режиссері: Д. Жұмабай) Сантьяго рөлі үшін Алматы қаласы «Мемлекеттік Қуыршақ театрының» актері Бақытжан Қаюов, «Үздік әйел адам рөлі» номинациясына Шам театрының «№37» спектакліндегі (Авторы: И.Иман, Режиссері: Ф.Молдағали) Зейнеп рөлі үшін Зарина Кармен, «Екінші пландағы үздік ер адам рөлі» номинациясына Түркістан музыкалық драма театрының «Мағжан» спектакліндегі (Авторы: А.Нүсіп, Режиссері: D.Livermore, Ch.Ocello) Елтай рөлі үшін Жандәулет Батай, «Екінші пландағы үздік әйел адам рөлі» номинациясына Нұрмұхан Жантөрин атындағы  Маңғыстау облыстық музыкалық драма театрының «Қорғансыздың күні» спектакліндегі Ғазизаның әжесі рөлі үшін Анар Бейсенбина ие болды.

Сонымен қатар, «Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің арнайы сыйлығы» номинациясы бойынша Түркістан музыкалық драма театрының «Мағжан» спектаклі (авторы: А.Нүсіп,режиссері: D.Livermore, Ch.Ocello), «Темірбек Жүргенов атындағы арнайы сыйлық» номинациясымен «Қара шекпен» спектаклі үшін (авторы: Г. Хугаев, режиссері: Е.Кәрібаев) Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театры, «Қазылар алқасының арнайы жүлдесі» номинациясымен  «Шақан шері» спектаклі үшін (авторы: М.Мағауин, режиссері:М.Хабибуллин) Серке Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ драма театры марапатталды.