Қазақстан Республикасының Мадениет жене ақпарат министрлігі жастар қоғамдық бірлестіктерімен бірлесе отырып 16 қыркүйек күні “Kieli Tabigat” республикалық акциясын бастады.
Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театр ұжымы “Kieli Tabigat” акциясына азаматтық белсенділік танытқан болатын. Бұл акцияның негізгі мақсаты экологиялық сакралды аймақтарды тазалау, қалпына келтіру, сақтау және экологиялық мәдениетті арттыру болып табылады. Акция Қазақстанның әрбір аймағында Жастар ресурстық орталықтарының ұйымдастыруымен өткізілді. Бұл күні «Қаллеки» әртістері елорда маңындағы Бозоқ ортағасырлық қалашығына барып, басқа да қоғам өкілдерімен бірге экологиялық акцияға қатысты.
Адам мен табиғат – егіз ұғым. «Ағаш жапырағымен, жер топырағымен көрікті» дейді дана халқымыз. Табиғат көркейіп, желегі жасыл тартса, адамның да тынысы кеңейіп, көңілі көтерілері анық. Табиғатқа өз үйіндей қарап, оны аялаған адамның да қоршаған аясы әдемі болмақ. Үйің мен бау-бақшаңа қарағаның сынды тұтас табиғатқа да сондай жанашырлықпен қараған жөн. Бүгін «Қаллеки» әртістері, осынау тамаша бастаманы қолдап, киелі орынға жиналды. Еліміздің түпкір-түпкірінде өтіп жатқан бұл шара әрбір қазақстандықтың жүрегіне табиғат анаға деген ізгілік нұрын себуіне тілектеспіз.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің азаматтық қоғам өкілдерімен бірге бастаған осынау экологиялық акциясын қуана қолдаймыз. Мұндай акциялар аға буын мен жастарды, өскелең ұрпақты біріктіреді, табиғатты аялауға, қоршаған ортаны таза ұстауға шақырады, мәдениеттілікке тәрбиелейді. «Қаллеки» театрының ұжымы жалпы қалалық сенбілікке қатысып, көшелерді қоқыстан тазартқанын атап өткіміз келеді.