Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының жас әртістері қойған «Кешкі 7» спектакль-концерті көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп келеді.
«Qalleki» театр зертханасы ұсынған бұл жоба классикалық қойылымдардан ерекшеленеді. Спектакльдің премьерасы 2023 жылдың сәуірінде өтті. Қойылым бірден көрермен көңілінен шықты.
Жас режиссер Бәзіл Сұлтанғазының қойылымы актерлердің өмірі мен олардың күнделікке жазған жазбаларынан алынған махаббат хикаяларына негізделген. Спектакльді қоюшы-суретші Шынар Елембаева, хормейстер Ержан Сансызбаев пен Сұлтан Тұрсынбеков сахналаған.
Актерлердің айтуынша, спектакль идеясы грим бөлмесінде әңгіме барысында пайда болған. Олар сол жерде бір-бірімен махаббат хикаяларын бөліскен. Осылайша, музыкалық туынды жасап, көпшілікке ұсынуға бел буған.
«Кешкі 7-де» актерлер басынан өткен жағдайларын бөлісіп қана қоймай, сахнада авторлық өлеңдер мен әндерді орындайды.
Спектакль Көкшетау, Қарағанды және Павлодар көрермендеріне ұсынылды. Әртістердің шынайылығы мен олардың сахнадағы еркіндігі көрерменнің жоғары бағасына ие болды. Қойылымды 4 мыңнан астам адам тамашалаған. Шығармашылық ұжым Қазақстанның барлық қалалары бойынша гастрольдік тур ұйымдастыруды жоспарлап отыр.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі