Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры Павлодар көрермендеріне ерекше қойылым ұсынады
2025 жылдың 8 ақпан күні Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры Павлодар қаласына гастрольдік сапармен аттанып, Ж. Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыкалық драма театрының сахнасында өнер көрсетеді. Театр ұжымы бір күнде екі ерекше қойылым ұсынбақ:
- 12:00 – Балаларға арналған «Ертегі түннің әуені» классикалық ертегілер жиынтығы;
- 19:00 – «Qalleki» театр лабораториясының «Кешкі 7» спектакль-концерті.
Ертегі түннің әуені – бұл әлемге әйгілі классикалық ертегілердің үзінділерін сахналаған ерекше қойылым. Кішкентай көрермендер Г.Х. Андерсеннің «Ұсқынсыз үйрек» және «Бұршақ үстіндегі ханшайым», Э.Т.А. Гофманның «Шақылдақ» ертегісі, сондай-ақ үнді халық ертегісі «Алтын антилопа» сияқты танымал шығармаларға саяхат жасайды.
Қойылымда ертегілер музыка, хореография және көркем декорация арқылы өмірге келіп, балалардың қиялын дамытып, олардың классикалық өнерге деген қызығушылығын арттырады. Қоюшы режиссер: Қазақстан Жастар Одағы «Серпер» сыйлығының лауреаты Олжас Дәлелхан. Аударған: Шах-Мұрат Ордабаев, Мирас Әбіл. Қоюшы суретші: Ерлан Тұяқов. Хореограф: Асан Бораншы. Музыкалық редакторлар: Айша Сырымбай, Маржаннұр Макибаева.
Бұл ерекше қойылымда музыкалық ансамбльдің сүйемелдеуімен әлемдік хиттер мен классикалық музыканың әуені арқылы әр түрлі ертегілер баяндалады. Шығарма балаларды ертегінің сиқырлы әлеміне жетелей отырып, олардың қиялын дамытып, ой-өрісін кеңейтеді. Сонымен қатар, қойылым музыкалық талғамды шыңдауға үлкен үлес қосады, себебі балалар танымал әуендер мен классикалық шығармаларды тыңдау арқылы өнерді тереңірек түсіне бастайды. Сан алуан кейіпкерлер мен әуезді әуендер көрермендерді баурап алып, ертегіден алынған құндылықтарды өмірмен байланыстыруға мүмкіндік береді.
8 ақпан күні сағат 19:00-де Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының «Qalleki» театр лабораториясы Павлодар қаласының көрермендеріне «Кешкі 7» атты спектакль-концертін ұсынады.
Бұл жаңа бағыттағы ерекше қойылым жанды дауыстағы әндер мен музыканың, театр өнерінің үйлесімінен туған. Көрерменге ерекше эстетикалық әсер сыйлайтын бұл қойылымның: Қоюшы режиссері: Бәзіл Сұлтанғазы; Қоюшы суретшісі: Шынар Елембаева; Хормейстері: Ержан Сансызбаев;
Спектакльде театрдың жас актерлерінен құралған ансамбль өнер көрсетеді. Олардың орындауындағы музыкалық және поэзиялық композициялар көрермендерді өнер әлеміне жетелеп, жаңа әсер сыйлайды. Қойылымда ақын Салтанат Қайырбектің «Мен шаршадым-ау деймін…», «Сен…», «Ойлаушы ем өмірді білем деп», «Махаббат» атты өлеңдері оқылып, олардың мазмұны музыкамен үйлесе отырып ерекше мәнге ие болады.
Бұл қойылым – шығармашылық ізденістің жарқын үлгісі. Поэзия мен музыканың үйлесімінен туындаған қойылым әр көрерменнің жүрегіне жол тауып, өнерге деген сүйіспеншілігін арттырады.
«Мен кешкен күй айтылатын сәт…
Мен салған ән шырқалатын шақ…
Мен жазған жыр жырланатын мезет…
Кешкі… 7»
Кешкі 7-ге саяхат жасаңыз – өнер әлемінде кездескенше!
Өтетін күні: 8 ақпан 12:00/19:00
Өтетін орны: Ж. Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыкалық драма театры (Ломов көшесі, 140).
Билеттер: ticketon.kz сайтында сатылымда
📞 Анықтама телефоны: +7 701 953 89 85, +7 775 530 50 62