Билет сатып алу
ҚАРАҒАНДЫ ҚАЛАСЫНДА «АБАЙ» ҚОЙЫЛЫМЫНЫҢ АРНАЙЫ КӨРСЕТІЛІМІ ӨТЕДІ

 

Қыркүйек айының 19-24 күндері аралығында Қарағанды қаласында Қалибек Қуанышбаевтың 130 жылдығына арналған «Сын – шын болсын» республикалық театр фестивалі өтеді. 

Фестивальдің басты мақсаты – актер, қазақ ұлттық кәсіби театр өнерінің негізін қалаушылардың бірі, КСРО Халық артисі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Қалибек Қуанышбаевтың есімін ұлықтау. 

Айтулы фестиваль шымылдығы елордалық Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының «Абай» қойылымының арнайы көрсетілімімен ашылады. Себебі өнер ұжымы есімін еншілеген театр өнерінің корифейі Қалибек Қуанышбаев сомдаған шоқтығы биік рөл – дәл осы Абай рөлі болды. Замандастары Қаллеки атап кеткен әйгілі әртістің айтулы рөлін туынды авторы, жазушы Мұхтар Әуезовтің өзі жоғары бағалаған. 1993 жылы белгілі театр сыншысы Әшірбек Сығайдың ұсынысымен Қалибек Қуанышбаевтың 100 жылдығы құрметіне орай елордалық театрға «Қалибек Қуанышбаев» есімі берілді.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Әлімбек Оразбеков сахналаған «Абай» трагедиясында қос Абайдың бейнесі көрсетіледі. Аға Абай бейнесін – Қазақстанның Халық артисі Тілектес Мейрамов, Абай рөлін – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұркен Өтеуіл сомдайды.

Қойылымға жалпы 65 актер қатысады. Қоюшы суретші – Қанат Мақсұтов. Хормейстер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Амантай Жұмашев.

«40 жастан асқан соңғы Абай бізге бір Абай емес, екі Абай болып кетеді. Біреуі – өмірге үйлескісі келмей, заманнан, ортасынан озып шығып, сыншы, ұстаз, ақылшы, ақын-данышпан болуға айналған Абай да, екіншісі – күндегі өмірдің бетімен елдің сөзін ұстап, бұрынғыша партия, тартыстың, билік, әкімшіліктің жолындағы ру басы, ел меңгеруші Абай», дейді ұлы Мұхтар Әуезов.

Ғасырлар бойы қалыптасқан кертартпа әдет-ғұрып пен мылқау күш, дүлей заманды айыптап өткен Абай ойы, Абай философиясы өркендеп, ғаламдық деңгейге жетуінің барысындағы оқиғалар сахнада ұлы М.Әуезов драматургиясымен өткен ғасырға жол тартқанымен, бүгінгі көрермен үшін де көкейкестілігін жоғалтқан жоқ. 

Қаллеки театрының «Абай» қойылымы қарағандылық көрермен назарына 19 қыркүйек күні сағат 17.00-де ұсынылады. 

Өтетін орны: Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театры. (Қарағанды қаласы, Бұқар Жырау даңғылы, 25).