Қазақтың кең-байтақ даласын асқақ та жігерлі күйлерімен тербеген ұлы күйші-композитор Құрманғазы Сағырбайұлының туғанына 205 жыл толуына орай Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының әртістері мен халық аспаптар ансамблі көрермен назарына «Құрманғазы» концертін ұсынды. Дирижері – Мәдениет саласының үздігі Маралжан Мырзақұлова, қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Жұманиязов.
Кеште Құрманғазының «Кісен ашқан», «Қызыл қайың», «Серпер», «Кедей зары», «Саранжап», «Амандасар», «Қызыл қайың – Серпер», «Көк ала ат», «Жима», «Теріс қақпай», «Арба соққан», «Байжұма», «Бұлбұл», «Кішкентай», «Сарыарқа» т.б. күйлері орындалды.
Күй – жай ғана музыка емес, орындалуы ерекше аспаптық пьеса. «Қайран, шешем» күйінің атмосферасын көрсету үшін оркестрдан бөлек, қойылым көрсетілді. Соғыстың салдарынан жалғыз ұлынан айырылған ананың зары, қайғысы көрген жанның жүрегін тебірентті. «Адай» баян аспабында әуелеп, «Төремұрат» домбырамен күмбірледі. «Бозшолақпен» жас келіншектердің биі, «Қуанышпен» сол қыздардың сыңғырлаған күлкісі естілгендей әсер етті.
Нұрғиса Тілендиевтің «Махамбет» симфониялық күйінің орындалуы тіпті ерекше, күйдің құдіретімен сайын даламызда, майдан аланының қақ ортасында жүргендей сезіндік. Әр күйден кейін түрлі көңіл-күйге бөленіп, өне бойыңды бірде қайғы, бірде қуаныш тербеді.
Концерт кезінде көрермендер жас-кәрісіне қарамай әрбір күйден кейін орындаушыларға қошеметтерін көрсетті, бұл мерекенің ерекшелігі – аспаптар құдіреті арқылы ұрпақтар сабақтастығын көрсете білді. Іс-шара жоғарғы деңгейде өтті, концертке келген әрбір адам ерекше көңіл-күймен тарқасты.
Құрманғазының күйлері қазақ өмірінің тілсіз тамыршысы, азаткерлік рухының ұраншысы іспетті. Ұлттық тарихымызды әуен тілінде жазған ұлы эпопеясы деуге болатындай, тарихи-танымдық, табиғаты аса елеулі туындылар.
Жібек РАХИМОВА,
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 2-курс студенті