Ұлан Қабыл, режиссер: Шеберлік табандылықтан туады

Актер болу тек рөл ойнау емес, бұл – мың түрлі өмірді бастан кешіру, театр тіршілігіне жаныңмен беріліп, өнер үшін өмір сүру. Осындай жанкештіліктен өткен актер ғана өз сара жолын қалыптастыра алады. Қ.Қуанышбаев атындағы ұлттық музыкалық драма театрының актері, жас режиссер Ұлан Қабыл үшін театр тек жұмыс орны емес, бұл – өмір салты. Әр рөл – жаңа бір тағдыр, әр қойылым – жаңа бір сапар.
Ұлан Қабыл өнер жолына кездейсоқ келген жоқ. Сондықтан да шығар, оның сахнаға деген құрметі ерекше. Ол үшін тек қабілет қана емес, еңбек, ізденіс және табандылық та маңызды.
Актерге әр рөл – бір сабақ
Көпке белгілі ірі сахналар мен басты рөлдерге бірден жете салу – сирек кездесетін жағдай. Актерлік жол көбіне кішкентай рөлден басталады: бір ауыз сөзі бар кейіпкер, сахнаның шетінде үнсіз тұрған күзетші не болмаса көпшілік сахнадағы көрінбейтін адам. Бірақ сол кішкентай рөлдердің де үлкен мәні бар. Себебі әр рөл – тәжірибе. Әр сөз – өнер жолындағы бір қадам. Осы қарапайым, елеусіз көрінетін сәттерде актер өзіне сенуді, сахнада өмір сүруді, көрерменнің көңілін ұстауды үйренеді. Ұлы актерлердің өзі бір кезде сахнаның ар жағында тұрып, өз кезегін күткен. Өнер жолы – төзімділік пен табандылықты талап етеді.
– Алғаш рет мен театр сахнасына 2017 жылы қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар қаласындағы С.Мұқанов атындағы қазақ музыкалық драма театрында «Ер төстік» спектакліндегі құмырсқа рөлімен шыққанмын. Кішкентай рөлдерден бастап, үлкен рөлдерге жету желісі бойынша келе жатқан актерлердің санатынанмын, – дейді Ұлан Қабыл.
Қазір ол «Алтайдан ауған ел» қойылымында – Қозыке, «Дон Кихот» қойылымында Дон Кихот кейіпкерлерін сомдап жүр. «Осы кейіпкерлердің ішінен жаныңызға ерекше жақын болған қай рөл?» деп актердің өзінен сұрадық.
– Актерге әр рөл бір сабақ болып есептеледі. Әр рөлдің өзіндік бір бөлек әлемі болады. Өзіміздің қазақ әдебиетінің шығармалары болсын, мейлі батыс шығармалары болсын рөлдің дұрыс бұрысы жоқ, сондықтан да маған әр рөл бір сабақ, – деді Ұлан Болатбергенұлы.
Актердің айтуынша, ешқандай рөл «аспаннан алма піс, аузыма түс» болып дайын келмейді. Еңбек ету арқылы ғана сол рөлдің қиындығын жеңесің. Әр сахнаға шыққан сайын көрерменнің алдында бәрібір қобалжу болады. Сол себепті ешбір рөлдің жеңілділігі жоқ. Әр рөлдің өзінің бір жылулығы да бар. Ешқашан ешқандай рөлді бөліп-жарып, «мынау ғана жақсы» деп айтуға болмайды. Қай рөлді алып қарасаңыз да, өзінің қиындығы болады.
Өнер адамы үшін актерлік шеберліктің ең басты қағидасы – тек қана еңбек. Иә, біреуде талант болуы мүмкін, басқа актерлерге ұқсамайтын ерекшелігі болуы мүмкін. Бірақ темірдей тәртіп пен еңбек болмаса актерлік шеберлік ұшталмайды. Осы екі қағида арқылы ғана актерлік шеберліктің шыңына шығуға болады.
Актер «болдым, толдым» деген сәтте құлдырайды
Қазақ театр өнері де, қазақ кино өнері де ұлттық өнерімізді дамытушы маңызды өнер түрлері. Ұлан Қабылдың пікірінше, сахна мен кинодағы актерлік шеберліктің айырмашылығы да бар. Кино мен театрдың аражігін жақсы ажырата білу үшін бәлкім кинода көбірек жұмыс істеу керек шығар.
– Өз басым киноға көп түспегендіктен болар, өзімді ол жерде жат сезінемін. Ал театрда сенің достарың, әріптестерің, тіпті туысыңнан да артық болатын адамдар бар. Сондықтан театр ең бірінші кезекте үлкен достықты, сенімді талап етеді. Театр – әрқашан жаныңдағы әріптестеріңнің көңілін таба білу, олармен бір толқында болу. Театрда да, кинода да бұл қажет қасиет. Бірақ киноның бір ерекшелігі – белгілі бір уақытқа ғана түсірілуі мүмкін. Ол белгілі бір сахна, бір лирикалық эпизод болуы мүмкін. Ал театр – бұл күн сайынғы тіршілік. Ол екінші үйіңе айналады. Өмір сүру мәдениетіңе айналады. Жаман қарым-қатынас пен үйлесімсіз театрда жұмыс істеу қиын. Театрдағы ең маңызды қағиданың бірі – әріптестеріңмен жақсы қарым-қатынас. Бұл – актер үшін де маңызды, себебі актердің өзіне қажет дүниелердің бірі – ұжыммен үйлесімділік. Кинода да осы қасиет керек. Бірақ театрда бұл мүлде басқа деңгейде маңызды. Егер сен театрға жүрегіңмен келсең, онда мәңгілікке сол қағидаларды ұстануың қажет, – дейді жас режиссер.
Ұлан Қабыл жақында көрерменге «Шеңбер» спектаклін ұсынды. Бұл оның режиссер ретіндегі алғашқы жұмысы. Qalleki театр лабораториясының бұл туындысы театрсүйер қауымның қызығушылығын оятып, ерекше ықыласқа бөленді. Эпикалық драма жанрында қойылған шығарма сан түрлі сезімге бөлеп, уақыт пен кеңістіктің шекарасынан тыс адамзаттық құндылықтарды ой елегінен өткізуге шақырады. Қойылым барысында Брехтің оқшаулану әдісі қолданылған, бұл актерлік ойын мен көрермен арасындағы қарым-қатынасты жаңа деңгейде ұғынуға мүмкіндік береді. Адамгершілік пен әділеттілік туралы терең ойға жетелеп, жалпыадамзаттық құндылықтарға үндейді.
– Біздің заман режиссеріне қойылатын талап – қажырлы еңбек. Режиссердің қолтаңбасы деген ұғымға да сақтықпен қараған жөн. Бұл жайлы тек көрермен айтуы керек. Менің ойымша, мен ондай дәрежеге жеткен жоқпын. Актер «болдым, толдым» деген сәтте құлдырайды. Мен де «қолтаңбам бар» деп айтуға әлі дайын емеспін. Бұл жұмыстар арқылы көрермендер өзі бағасын береді. Театр – белгілі бір идеяға негізделмесе, спектакль мәнсіз. Кейде өз ойыңмен бөліскің келетін сәттер болады. Алайда ол қарапайым, үстірт болып кетуі мүмкін. Сондықтан «мен осылай айтқым келеді» деу де әркімнің өз еркі. Маған көрермен өзі бағасын беретін спектакльдер ұнайды. Спектакльдің көп сұрақтар тудырғаны, әрине жақсы шығар. Бірақ «Шеңбер» ең алдымен ана мен баланың қарым-қатынасы жайлы. Сол қарым-қатынас арқылы қоғамда болып жатқан өзгерістер, көтерілу, құлдырау, бәрі көрінеді, – дейді өнер иесі.
Оның айтуынша, қазір қазақ театры жақсы бағытта дамып келеді. Бүгінде 90-жылдары туған жастардың арасында ерекше актерлерді көріп жүрміз.
– Мен өзімді революционер немесе оппозиционер деп есептемеймін. Тек қана шығармашылықпен айналысамын. Қандай өзгеріс керектігін айту – менің міндетім емес.
Ол – процесс. Біз үшін ең маңыздысы – пьесамыз, шығармамыз және актерлермен жұмыс. Өзгерістерді біз спектакль арқылы көрсетеміз. Көрермен соны көріп, өзі түсінуі керек. Ал енді «өзгеріс керек» деп айқайлап, қолымызға жалау ұстап шығу менің табиғатыма жат. Қазіргі қазақ театрында жақсы режиссерлер жетерлік. Олар тек елімізде емес, шетелде де танылып жатыр. Бұл – жақсы тенденция, – дейді кейіпкеріміз.
Оның айтуынша, жас актерді жетістікке жеткізетін тек қана еңбек, нақты қағидаларды ұстану және «темірдей тәртіпке» бағыну.
Абылайхан ДҮЙСЕНБЕК, ЕҰУ студенті