Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамына орай, 22 наурыз күні Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының халық аспаптар ансамблі «Әз наурыз келгенде…» атты мерекелік концертін ұсынады. Басталуы – 19.00.
Халық әндері мен күйлері — қазақ тарихының шежіресі. Қаллеки театрының халық аспаптар ансамблі – рухани байлығымызды насихаттап, әуезді шығармалармен сусындатып келе жатқан ұжымдардың бірі.
Концертте жаңаша бағытта өңделген қазақ елінің дәстүрлі музыкасы, қазақ халық күйлері мен әндері, ансамбль мүшелерінің өз жүректерінен шыққан жаңа туындылары орындалады. Дирижер – «Мәдениет саласының үздігі» Маралжан Мырзақұлова.
Ансамбль қазақ ұлттық аспаптары домбыра, сыбызғы, дауылпаз, шаңқобыз, шіңкілдек, саз сырнай, жетіген, қыл қобыз т.б. музыкалық аспаптарды жетік меңгерген әмбебап орындаушылардан құрылған.
Халық аспаптар ансамблінің репертуары көнеден қалған қазақ күйлеріне
және заманауи авторлардың шығармаларына бай.
Ансамбль мүшелері: Жиеналин Дастан, Хамзин Данияр, Қайырбек Әлібек, Сахы Нұрболат (домбыра), Абенова Аида, Темірханова Аяжан, Хуан Ажар, Жақыпбай Мәнсия (прима қобыз), Нұрлан Әлемгүл (Қыл қобыз), Санабаева Аружан, Бағдат Алтынай (Шертер), Имашева Ақбота (Флейта), Самиғолла Бекзада (Жетіген, қобыз), Ануар Ақылбек (Бас, Баян), Абай Мадиар (Баян), Шөкенов Темірлан (домбыра, дауылпаз), Рахмет Қуаныш (ұрмалы аспаптар).
Ансамбль қазақ өнерінің ұлттық мұрасын дәріптеп, отандық музыка саласында өзіндік орны бар, қалың көрермен тарапынан зор сұранысқа ие үздік шығармашылық ұжым.