Елімізде Наурыз мейрамын тойлау онкүндігі басталды. «Наурызнама» тұжырымдамасы аясында Қазақстанда Наурыз мейрамын тойлау онкүндігінің алғашқы күні «Көрісу күні – Амал мерекесінен» бастау алды.
Көрісу – жылылық пен жанашырлыққа толы мереке. Ежелден 14 наурыз қазақ халқы үшін жылдың басы саналды. Дәстүр бойынша, көктемгі күн мен түннің теңелуінен тура бір апта бұрын біздің ата-бабаларымыз малын түгендеп, ұзақ қыстан аман-есен шыққанына қуанып, бір-бірімен қауышып, наурызға дайындалған.
Осыған орай, театр ішін Наурыз мерекесінің жаңа логотипі бейнеленген жарқын плакатпен, ұлттық тұрмыстық заттар, дәстүрлі қазақ ою-өрнектерімен безендіріп, мейрамды жаңа ауқымда қарсы алдық. Келген көрермендерді әз-наурыздың бастауы-амал күнімен құттықтап, жарқын және көктемгі қуанышқа бөледік.