Бүгін – Наурызнама онкүндігінің үшінші күні!
Наурыз мейрамында халқымыздың мәдениеті мен ұлттық салт-дәстүрі ұлықталады. Қазақ халқының басты құндылықтарының бірі – салт-дәстүрі. Бұл күндері ел жадында сақталған «Сүйінші сұрау», «Балаға ат қою», «Бесікке салу», «Тұсаукесер», «Беташар» сынды ғұрыптар насихатталады.
16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күніне орай, Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында «Тұсау кесу» рәсімі өтті.
Тұсау кесу – қазақтың көне дәстүрлерінің бірі, ол бүгінгі күнге дейін сақталып келеді. Бұл сәби қаз тұрғаннан кейін, өмірге алғаш қадамы сәтті болсын деген тілектен туған дәстүр. Тұсау кесу сәбидің өмір сапарының сәтті болуы үшін ақ ниетпен жасалатын ырымы.
Бүгінгі рәсім ұлттық құндылықтарымызды жаңғырту мақсатында ұйымдастырылды. Театр және кино актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сырым Қашқабаев бүлдіршін Қайрат Әлиханның тұсауын кесіп, салт-дәстүрге сай, жөн-жоралғы жасалды.
Сонымен қатар, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Б.Молдабаев, К.Қожахметова, Б.Исабекова баланың қаз-қаз басқан қадамына шашу шашып, ақ бата тілектерін берді.