Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрында 21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай мерекелік жиын өтті.
Осы ретте, өз жұмысын сүйіспеншілікпен дұрыс үйлестіре білген театр қызметкерлерінің жетістіктері аталып, үздіктер марапатталды. Театр директорының міндетін атқарушы Ербол Хабылбеков және көркемдік жетекші Гүлсина Миргалиева ұжымды кәсіби мерекелерімен құттықтап, шығармашылық табыс тіледі.
Атаулы күнге байланысты Мәдениет және ақпарат министрлігінің ең жоғарғы наградасы «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі – 4 қызметкерге, Мәдениет және ақпарат министрінің құрмет грамотасы мен алғыс хаттары – 8 қызметкерге, Астана қаласы әкімінің алғыс хаты – 2 мерейтой иесіне, театр директорының алғыс хатымен – 32 қызметкер, театр Кәсіподақ ұйымының «Еңбек даңқы» төсбелгісімен – 5 қызметкер, Аманат партиясының атынан алғыс хат – 18 актерге, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің алғыс хаты – 5 қызметкерге, «Қазақстан Халық Банкі» АҚ атынан алғыс хат – 4 қызметкерге табысталды. Сондай-ақ, «Тикетон сыйлығы-2024» қорытындысы бойынша «Жылдың Симфониялық концерті» номинациясында Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры симфониялық оркестрі жеңімпаз атанды. Қашанда тынымсыз ізденіс үстінен табылатын белсенді ұжым осылай мерейлі мереке қарсаңында мәртебелі құрметке ие болды.
«Өнер – ұлттың жаны»,- дейді халық даналығы. Кез келген ел өнерімен, мәдениетімен танылып, бағаланатыны анық. Әр өңірдің тарихы таңбаланған мәдени мұраларын танып, ұлттар мен ұлыстардың ынтымақ-бірлігін көрсете білуіне кеңінен жола шатын – мәдениет күнімен барша өнер азаматтарын шын жүректен құттықтаймыз! Шығармашылық шабыттарыңыз шарықтап, халқымыздың жоғары руханияты мен мәдениетін дамытуда болашақ ұрпаққа үлгі боларлықтай нәтижелі еңбектеріңіз елене берсін!