Қазақ театр өнерінің саңлағы – Әзірбайжан Мәмбетов
Қазақтың рухани әлемінде ерекше орны бар тұлғалардың бірі – режиссер, өнер қайраткері, ұстаз, сахна шебері Әзірбайжан Мәмбетов. Ол — театр сахнасын мәңгілікке тірілткен, әрбір кейіпкеріне жан бітіріп, әрбір қойылымына терең философиялық мән дарытқан дара дарын иесі.
Әзірбайжан Мәмбетов 1932 жылы 1 қыркүйекте Ресей Федерациясы, Волгоград облысы, Савенко ауылында дүниеге келді. Болашақ сахна шеберінің өнерге деген іңкәрлігі ерте оянды. 1952 жылы Алматы көркемсурет училищесінің актерлік факультетін аяқтаған соң, сол жылы Мәскеудің А.В. Луначарский атындағы театр өнері институтының режиссура факультетіне түсіп, 1957 жылы тәмамдайды. Бұл оқу орнында ол Станиславский мектебінің өкілдері – КСРО халық артисі Н.М. Горчаков пен профессор А.А. Гончаров сынды ұстаздардан білім алды.
1957 жылдан бастап отыз жылдан астам уақыт бойы М.Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрында қызмет етті. Қоюшы режиссер, кейінірек директор-бас режиссер ретінде қазақ театр өнерінің жаңа белеске көтерілуіне орасан зор үлес қосты. Осы жылдар ішінде 150-ден астам спектакль қойған Ә. Мәмбетов 1965 жылы Шыңғыс Айтматовтың «Ана – Жер-Ана» шығармасы негізінде қойылған қойылымы үшін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығына ие болды.
1974 жылы Әбіш Кекілбаевтың ұсынысымен Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» трилогиясын сахналап, КСРО Мемлекеттік сыйлығына ие болады. Бұл спектакль кейін Чехословакияның Прага ұлттық театрында да қойылды.
Шыңғыс Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн» шығармасын КСРО халық артисі Михаил Ульяновтың қатысуымен Мәскеудегі Е. Вахтангов атындағы театр сахнасына шығарса, Мұхтар Әуезовтің «Абай» трагедиясын Өзбек академиялық театры мен Ұйғыр, Корей ұлттық театрлары сахналарында сахналады.
Әзірбайжан Мәмбетов әлемдік классикаға да батыл қадам басқан. Ол:
- К. Гольдонидің «Екі мырзаға бір қызметші»,
- Лопе де Веганың «Шөп қорыған ит»,
- М. Фриштің «Дон Жуанның думаны»,
- У. Шекспирдің «Кориолан»,
- Софоклдің «Эдип патша»,
- А. Чеховтың «Ваня ағай»
секілді туындыларын жоғары деңгейде сахналап, заманауи режиссураның биік белестерін бағындырды.
1973 жылы Иранның Шираз қаласында өткен Азия, Африка және Латын Америкасы елдерінің халықаралық театр фестивалінде «Ана – Жер-Ана» спектаклімен қатысып, шетелдік көрермендердің де ыстық ықыласына бөленді. 1984 жылы Францияның Нанси қаласында өткен «Ұлттық театр» халықаралық фестивалінде Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» қойылымын сахналап, қазақ драматургиясының көркемдігін танытты.
Ә. Мәмбетов тек театр сахнасымен шектелмей, кино саласында да өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Ол «Ән қанатында», «Қан мен тер», «Жаушы» сынды фильмдерді экранға шығарса, «Абай» телехикаясын түсіріп, киноөнерге де өлшеусіз үлес қосты.
Ол Т. Жүргенов атындағы Өнер академиясы мен ҚазҰМА-да профессорлық қызмет атқарып, талай буын өнер иесін тәрбиеледі.
Мемлекеттік және қоғамдық марапаттары:
- 1976 жылы – «КСРО халық артисі» атағы;
- 1999 жылы – ҚР Президенті Н.Назарбаевтың шақыруымен елордалық Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі болып тағайындалды;
- 2000 жылы – М.Төлебаевтың «Біржан – Сара» операсын жаңаша сахналап, театр тарихында елеулі оқиғаға айналдырды;
- Сол жылы – Қазақстан өнеріне сіңірген ерен еңбегі үшін «Халық Қаһарманы» атағына ие болды.
1999–2008 жылдар аралығында сахналаған негізгі спектакльдері:
- Ғ. Мүсірепов – «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу»;
- М. Әуезов – «Қарагөз»;
- Ф. Эрве – «Түлкі бикеш»;
- В. Дельмар – «Баянсыз бақ»;
- Қ. Бәйсейітов, Қ. Шаңғытбаев – «Беу, қыздар-ай!»;
- Ш. Айтматов – «Ана – Жер-Ана», «Ғасырдан да ұзақ күн»;
- І. Жансүгіров, С. Назарбекұлы, Б. Әлдібек – «Махамбет»;
- У. Гаджибеков – «Аршын мал алан»;
- А. Чехов – «Ваня ағай»;
- Ә. Нұрпейісов – «Қан мен тер».
Онымен бірге қызмет еткен Қазақстанның халық әртістері Гүлжан Әспетова, Тілектес Мейрамов, еңбек сіңірген қайраткерлер Лейло Бекназар-Ханинга, Ақыш Омар, және өзге де сахна саңлақтары бүгінде театрдың алтын қорын құрап отыр.