Билет сатып алу
Әбіл Мирас Әбілұлы

Мирас Әбілұлы Әбіл – театртанушы, «Өнертану» магистрі, Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық-драма театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі. 1994 жылы 3 наурызда Семей қаласының Абыралы өңірінде дүниеге келген

2000 жылы Т. Ысмайлов атындағы орта мектеп табалдырығын аттап, 2011 жылы Өскемен қаласындағы №16 орта мектепті тәмамдаған.

Сахна сырын жастайынан меңгерген ол, 2011-2015 жылдар аралығында Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақ Ұлттық өнер университетінде көрнекті театр сыншысы Әшірбек Сығайдың шеберханасына оқуға түсіп,  «Театртану» мамандығы бойынша тәлім алған.  2015-2017  жылдар аралығында аталған оқу орынында ғылыми негізде жазылған дипломдық жұмысын сәтті қорғап, «Өнертану магистрі» дәрежесін иеленген.

Студенттік кезінен-ақ «Ес-аймақ» мәдени танымдық бірлестігінің төрағасы сайланып, «Шабыт» журналының негізін қалаушылардың бірі атанған ол Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық-драма театрында 2015-2017 жылдары әдебиет бөлімінің менеджері, 2017 жылы “Қазақконцерт “мемлекеттік концерттік ұйымы”РМҚК шығармашылық бөлімінің арт-менеджері, 2018 жылы Алматы қаласындағы М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрының шығармашылық бөлімінің арт-менеджері сынды қызметтерді атқарып, театр ұжымының көркемдік кеңесінің мүшесі болды. 2019 жылы Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясында «Әлем театрының тарихы», «Театр сыны» пәндерінен дәріс оқып, «оқытушы» ретінде тәжірибесін шыңдады.

2017 жылы өзінің зеректілігімен, ұйымдастыру қабілетімен, парасат-пайымымен ерекшеленген Мирас Әбіл Қайрат Сүгірбеков атындағы І Республикалық жас режиссерлердің форум-фестивалінде алғаш рет жас болса да қазылар алқасының мүшесі атанып, театртану мамандығында екі есе жауапкершілік жүгін арқалады. Сондай-ақ, Әшірбек Сығайдың 70 жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының XXV республикалық фестивалінің жоғары деңгейде ұйымдастырылуына атсалысып, қазақ театр өнерінің дамуына өзіндік үлес қосты. Сонымен қатар, М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, Қ.Қуанышбаев атындағы театрлардың театрішілік фестивальдерінде қазылар алқасының мүшесі болып, сыни-пікірін айта алып жүр.

Кез келген жұмысты зор жауапкершілікпен, ынта-ықыласымен атқаратын ол өз шығармашылығын да ұмыт қалдырмай «Хас сұлудың көз жасы» (эссе), «Сағынышым көрген емес сарқылып…»(поэзия), «Миығынан күліп Мих дейтін»(шығармашылық портрет), «Бір кем дүние-көркем дүние»(Рецензия) сынды сыни-мақалалары баспасөз беттерінде жарық көріп келеді.  Театрдағы кез келген іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне білек сыбана кірісетін, жауапкершілігі зор, білікті де білімді, талантты да талапты, алғыр қызметкер Мирас Әбілұлы «Қаллеки театры» және «Жұлдызым менің жоғары» (Лейло) кітаптарының авторларының бірі;

Өлеңдері «Жауқазын жылда гүлдейді», «Кішкентай ауылдың үлкен тарихы», «Алтын тұғыр» жинақтарында жарияланған. 2012 жылдан бері театр өнері туралы жазылған сыни-мақалары Республикалық басылымдарда жарыққа көріп келе жатқан жас дарын Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық-драма театрының көркем әдебиет және ғылыми қор бөлімінің меңгерушісі қызметін абыроймен атқарып келеді.