Билет сатып алу
Театрдың «Наурызы»

Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында Наурыз тойы өтті. Театр фойесіне бірнеше киіз үй тігіліп, ұлттық киім киген театр артистері ауыл-ауылға бөлініп, салт-дәстүр көріністерін қойып, дастархан жайды.

Қазақ кәсіби театр өнерінің негізін қалаған сахна саңлағы Қалибек Қуанышбаевтың 130 жылдығымен қатар келген Наурыз мерекесі және халықаралық театр күніне орай ұйымдастырылған мерекелік іс-шараның ресми бөлімінде театр сүйетін, премьерадан қалмайтын көрермендері, театрдың үздік қызметкерлері мен осы театрдың жаңалықтары мен жақсылығын елге жеткізіп жүрген БАҚ өкілдері марапатталды. Бұдан соң дүниеден өткен артистердің, театрға еңбегі сіңген адамдардың әруағына бағышталып құран оқылды.

Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының басшылығы биыл Наурыз және халықаралық театр күні мерекесіне орай ұйымдастырылған сайыстың жеңімпаздары үшін қомақты жүлде тіккен екен. Айталық, I орын – 800 000 теңге болса; II орын – 500 000 теңге; III орын – 300 000 теңге; сондай ақ, ынталандыру сыйлықтары 200 000 теңгеден белгіленіпті. Сайыс шартына сай ауыл-ауылға бөлініп, салт-дәстүр көріністерін қойып, дастархан жайған өнерпаздар бір-бірінен асып түсуге тырысты, әуелеген ән мен күй төгіліп, би биленіп, фойеде Наурыздың салтанатын асырды. Ерлер жағы арқан тартып, кір тасын көтеріп және қол күрес көрсетіп сайысса, әйелдер мақал-мәтел айтып жарысып, кесте тігіп, ою ойды. Оюдың тарихын айтты.

Қазылар шешіміне сәйкес, «Ыстық-суық» ауылы 1 орынға; «Іс-әрекет» ауылы 2 орынға; «Заң-закон» ауылы 3 орынға лайық деп шешілді.

«Алыс-беріс» ауылы мен «Асай-мүсей» ауылы ынталандыру сыйлығын алды. Салт-дәстүрді насихаттауға бағытталған Наурыз мерекесі көңілді тойланып, есте қаларлықтай әсер қалдырды.

Жадыра Шамұратова