ЖАҢА МАУСЫМ. 2023 жылы 15 қыркүйек күні Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры XXXIII жаңа маусымын дәстүр бойынша М.Әуезовтің «Абай» қойылымымен бастады.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Әлімбек Оразбеков сахналаған «Абай» трагедиясында қос Абайдың бейнесі көрсетіледі. Аға Абай бейнесін – Қазақстанның Халық артисі Тілектес Мейрамов, Абай рөлін – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұркен Өтеуіл сомдайды. Қойылымға жалпы 65 актер қатысады. Қоюшы суретші – Қанат Мақсұтов. Хормейстер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Амантай Жұмашев.
Жаңа маусымның басында көрермен назарына «Қыз Жібек», «Патша көңілім, не дейсің?!..» қойылымдарының премьерасы ұсынылады. Ж.Шайхисламұлының «Қыз Жібек» қойылымын халықаралық театр фестивальдерінің лауреаты, жас режиссер Әлібек Өмірбекұлы, Қ.Жиенбайдың «Патша көңілім, не дейсің?!..» комедиясын режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Жұманиязов сахналайды.