Билет сатып алу
Театр әлемінің Тілектесі

Қазақстанның Халық әртісі, профессор Тілектес Мейрамов – актер ретінде ғана емес, режиссер, аудармашы, ұстаз ретінде де театр өнерінің өрлеуіне үлкен үлесін қосып келе жатқан тұлға. «Хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнердің» (Ғабит Мүсірепов) өз адамына айналғанына да жарты ғасырдан асты. Әйгілі әртіс мерейлі 75 жасқа келіп отыр. Әріптесі, белгілі театр және кино режиссері Талғат Теменов айтпақшы, осы жасқа ол «ешкімге жар салмай, айқайламай, аттандамай» жетті.

ТОҚПАНОВТЫҢ ТОҚПАҒЫ, ШОЛПАННЫҢ ШУАҒЫ

Бала арманы әнші болу еді. Жалпы жүрегі сол кезден өнер деп соқты. Алайда ата-ананың, ағайындарының қалауы басқада еді. Оларға қарсы келмеген жасөспірім Тілектес жаны қаламаса да, Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтына оқуға түсті. Үш айдан кейін тастап кетті. Келесі жылы әкесі Уахит Қарағанды политехникалық институтына алып келді. Емтиханға кіргелі отырғанда қолына облыстық «Орталық Қазақстан» газеті түспесі бар ма. Басылымнан «Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық театры жанынан ашылатын студияға қабылдау басталады» деген хабарландыруды оқып, қолындағы «Геометрия» оқулығын қақ бөліп жыртты да, сонда тартты. Комиссия мүшелері көзіндегі ұшқынды, талантын байқаған болуы керек, бірден оқуға қабылдады. Осылайша қазақ бір инженерін жоғалтып, есесіне бір тамаша әртіске ие болды.

Студияны тәмамдағаннан кейін Алматыға аттанды. Құрманғазы атындағы театр және кино институтында ұстаздары, қазақ сахнасының саңлақтары Асқар Тоқпановтың тоқпағынан өтіп, Шолпан Жандарбекованың жылы шуағына шомылды. Шолпан Исабекқызы ішінде Тілектес бар төрт-бес шәкіртін қара шаңырақ Әуезов театрына алып келді.

ҚОЗЫДАН АБАЙҒА ДЕЙІН

Кәсіби сахнада сомдаған алғашқы бейнесі – Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш–Баян сұлу» спектакліндегі Қозы. Бұл қойылымды қазақ театрының реформаторы Әзірбайжан Мәмбетов сахналады. Осылайша Қозы болып жарқ етіп, Ақан сері, Бірсімбай, Жарас, Еркін, Тоқпаев, Вальтер, Жантай сияқты әр жанрдағы күрделі бейнелерді өзіне ғана тән мәнермен алып шыға білді. Жалпы Тілектес Мейрамов Әуезов театрында отыз жыл еңбек етіп, 100-ден аса кейіпкерді сомдады. Сонда Әзірбайжан Мәмбетов, Есмұхан Обаев сынды шеберлердің мектебінен шыңдалып шықты. Сахна саңлағы Әнуар Молдабековтен кейін Войницкий, Жантық, Керім бейнелері Тілектес Мейрамовқа берілуі де тегін емес. Мұндай сүбелі бейнелердің қатарына Шыңғыс хан, Жәңгір хан, Еділ патша, Бедел, Сорин, Бектер, Антоний рөлдерін де қосуға болады.

Қамал алар жасында Мәде­ниет министрлігі театр бөлімінің ­жетекшісі қызметіне шақырылды. Жаңа ғасыр келгенде алты жыл Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының директоры-көркемдік жетекшісі болды. Осы ұжымды басқарған жылдары театр ұжымы халық­аралық фестивальдердің екі дүркін бас жүлдегері атанып, Қазан қаласында өткен халықаралық «Түрксой» фестивалінде ерекше ықыласқа бөленді. Бірақ министрлікте де, театрда да басшылықта жүргенде сахнадан қол үзбеді, өзіне тиесілі рөлдерді сомдады.

Тілектес Мейрамов қазақ театрында кенже қалып келе жатқан моноспектакль жанрын алғаш қолға алғандардың бірі болып, Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері-Ақтоқты» трагедиясын, Р.Сейсенбаевтың «Майдан әндері», Н.Гогольдің «Жындының жазбалары» әңгімелерін, У.Шекспир, А.Грибоедов, Ғ.Мүсірепов шығармалары бойынша дайындалған «Ақылдан азап» спектакльдерін жалғыз орындап шықты

Былтыр Астана қаласының «Жастар» театры өзінің 15 жылдығын атап өтті. Біреу білер, біреу білмес осы өнер ошағының басында да Тілектес Мейрамов тұр. Бұл театр ашылғанда төрт жыл оның көркемдік жетекшісі қызметін атқарды. Одан кейін Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театрына қабылданып, күні бүгінге дейін осы театрда жұмыс істеп жүр. Осы күндері театр тәлімгері, тіпті ақылшы ақсақалы десек те жарасады.

Бұл жылдары астаналық театр сахнасына сан алуан образдарды алып шықты. Атап айтқанда, Ғ.Мүсірепов «Қозы Көрпеш–Баян сұлу» – Қарабай, Е.Жуасбек «Анти­вирус» – Асан, Т.Джюдженоглу «Көшкін» – ақсақал, Ғ.Мүсірепов «Ақан сері–Ақтоқты» – Науан, М.Әуезов «Абай» – аға Абай, Р.Отарбаев «Көлеңкесіз жолау­шы» – әке, Д.Рамазан «Абылай ханның арманы» – Төле би, Ж.Ануй «Жалын жұтқан Жанна д`Арк» – Кошон, В.Ежов «Тыраулап ұшқан тырналар» – Лукьянов, Р.Сейсенбаев «Майдан әндері» моноспектаклі – Садыр, У.Шекспир «Отелло» – Брабанцио, Ф.Бордон «Қардағы көгершіннің ізі…» – Ол, А.Вампилов «Ақ жауын» – Сәкен Тауасаров, Х.Алтай, Х.Оралтай «Алтайдан ауған ел» – Халифа Алтай.

ӘДЕБИ-ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ӘЛЕМІ

Тілектес Мейрамов театр және кино саласындағы еңбегімен қатар әдеби-шығармашылық жұмыстармен де айналысады. Актер мамандығымен қатар Қыр­ғыз мемлекеттік Б.Бейшеналиев атындағы өнер институтында оқып, режиссер мамандығын игерді. А.Гельманның «Бәрімен оңашада», Н.Абдуллоевтың «Екеу», И.Вовнянконың «Стриптизердің өлімі» пьесаларын қазақшаласа, І.Есенберлиннің «Ғашықтар», Ш.Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн» романдарын, Р. Отарбаевтың «Дүниеғайып» повесін, О’ Генридің «Үндістердің көсемі» әңгімесін сахнаға, ал М.Әуезовтің «Абай жолы» романын телеарнаға лайықтап инсценировкалар жасады.

Тілектес Мейрамов қазақ театрында кенже қалып келе жатқан моноспектакль жанрын алғаш қолға алғандардың бірі болып, Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері–Ақтоқты» трагедиясын, Р.Сейсенбаевтың «Майдан әндері», Н.Гогольдің «Жындының жазбалары» әңгімелерін, У.Шекспир, А.Грибоедов, Ғ.Мүсірепов шығармалары бойынша дайындалған «Ақылдан азап» спектакльдерін жалғыз орындап шықты.

Құрманғазы атындағы театр және кино институтында алған мамандығы – кино және театр актері. Бірақ кинодан көп көрінбеді. Ең алғаш рет 1979 жылы «Күміс мүйіз Алатау» фильмінде Базарбай бейнесін сомдады. Одан кейін «Үш күн мереке» киносында эпизодтық рөлден көрінді. «Әбілқайыр хан» фильмінде Барақ сұлтанды кейіптеді. Қазақстан мен Моңғолия бірігіп түсірген «Атқыш Хомучи», «Жерұйық», «Сіздерге дәрігер Ахметова келе жатыр» фильмдерінде ойнады. «Көшбасшы жолы» киноэпопеясының «Отты өзен» және «Теміртау» бөлімдерінде мемлекет қайраткері Бәйкен Әшімовті кескіндеді. Кино өнерінде ең есте қалатын бейнесі – «Жаужүрек мың бала» фильміндегі Назар.

ЖАРТЫ ҒАСЫРЛЫҚ ҰСТАЗДЫҚ ЖОЛ

Қазір Тілектес Мейрамов театрдағы қызметімен қатар Қазақ ұлттық өнер университетінде еңбек етеді. Осы оқу орнының «Театр және кино, ТД» факультетінің «Актерлік өнер және режиссура» кафедрасының профессоры. Жалпы ұстаздыққа ерте келді. Әуезов театрына актер болып қабылданғанына екі жыл болғанда театр жанындағы актерлік студияға Сәбит Оразбаевтың ассистенті қызметіне шақырылды. 1983-2007 жылдары Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының оқытушысы, аға оқытушысы, доценті, профессоры болды. Биыл ұстаздық қызметіне де тура 50 жыл толып отыр. Шәкірттері де өте көп. Соның ішінде Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Бауыржан Ибрагимов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Данагүл Темірсұлтанова, Бекжан Тұрыс, Меруерт Түсіпбаева, Ғани Құлжанов, Нұркен Өтеуілов, Кеңес Нұрланов, Жұмағали Маханов есімдерін атап өтуге болады.

МӘСКЕУ ДЕ МОЙЫНДАҒАН

Тілектес Мейрамовтың өнер­дегі жетістіктеріне тоқталсақ, осыдан отыз жыл бұрын И.Ғайыптың «Шыңғысхан» спектакліндегі Шыңғысхан бейнесі үшін «Үздік ер адам рөлі» аталымын жеңіп алды. 1996 жылы «Қазақстанның халық артисі» құрметті атағына ие болды. 2004 жылы Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш–Баян сұлу» спектакліндегі Қарабай бейнесіне «Үздік ер адам бейнесі», 2012 жылы Орал қаласында өткен Ә.Мәмбетовтің 80 жылдығына арналған Қазақстан драма театр­ларының XX республикалық ­фестивалінде Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері–Ақтоқты» трагедиясындағы Науан бейнесі үшін «Ең үздік ер бейнесі» жүлдесін алды. Ал 2015 жылы XIII халықаралық «Золотой Витязь» театр форумында (Мәскеу) «Тыраулап ұшқан тырналар» лирикалық драмасындағы полковник Лукьянов рөлі үшін «Золотой Витязьдің алтын дипломанты» атанды.

Театр өнеріне асқан жауапкершілікпен қарайды. Өз ішіндегі сыншысы да мықты. Мәселен, Ф.Бордонның «Қар үстіндегі көгершіннің ізі» пьесасын аударып, бас кейіпкерді өзі ойнап шықты. Бес жыл бұрын бенефисін де осы спектаклімен өткізді. Алайда кейін кейбір сәтіне көңілі толмай, өзі өтініп репертуардан алғызып тастады. Кейінгі аударғаны – француз драматургі Ф.Зеллердің «Әке» пьесасы. 75 жылдығын осы қойылыммен атап өтпек. Бұйырса, биылғы күзде көрермен осы спектакльді көріп қалар. Театр әлемінің Тілектесі мұнымен тоқтамайды деп ойлаймыз. Талғат Теменов оны «Үндемес» деп атайды. Режиссер осындай мақала да жазды. Тілектес Мейрамов, шынында да, үндемей жүріп, қыруар іс бітіріп жүреді. «Талант – қарапайымдықта» ­дейді, актердің болмысы осы сөздің ақиқаттығына тағы көз жеткізеді.