Билет сатып алу
Қалибек Қуанышбаевтың туғанына 131 жыл!

Бүгін актер, КСРО халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, қазақ ұлттық кәсіби театр өнерінің негізін қалаушылардың бірі Қалибек Қуанышбаевтың ТУҒАН КҮНІ!

Қазақ кәсіби театр өнерінің негізін қалаушылардың бірі әрі Қызылорда қаласында алғаш қазақ драма театрын құруға атсалысты.

Актер М.Әуезов пен Л.Соболев пьесасындағы қазақтың кемеңгер ақыны Абай рөлін асқан шеберлікпен орындады. Дарынды әртіс бүкіл қазақ халқының алтын діңгегін арқалап шыққандай көрінді. Ал «Ақан сері – Ақтоқты қойылымында Қалекей мылқауды сомдағанда көрермен көзіне жас алып, ерекше әсер алды.

Қалибек Қуанышбев имитацияның асқан шебері еді. Бір өзі «Қыз ұзатудағы» кемпір мен шалды, қыз сыңсуын, бұзаудың мөңірегені мен иттің үргенін, қасқырдың ұлығанын — бәрін де шебер бейнелейтін.

Дарынды әртіс қазақ кино өнерінің дамуына зор үлес қосты. Ол ойнаған «Аманкелді», «Абай» көркем фильмдері жоғары баға алғаны мәлім.

Бұдан бөлек, актер қысқа пьеса, әзіл әжуа, сықақтар да жазды. Оның «Түйреуіш», «Шаншарлар» деген сатиралық өлеңдер жинағын шығарды. Драматург Шахмет Құсайыновпен бірлесіп, «Ақ жаулық – көк жаулық» атты комедиялық пьеса жазды.

Қалибек Қуанышбаев өзінің қырық жылға таяу сахналық өмірінде жүз елуден астам рөлді сомдаған. Біртуар тұлға ерен еңбегі үшін екі мәрте Ленин ордені, Еңбек Қызыл Ту және «Құрмет Белгісі» ордендерімен марапатталған.