Рус Қаз Eng
Нашар көретіндерге арналған нұсқа

«ROMEO and JULIET» СПЕКТАКЛІ — «ҮЗДІК СПЕКТАКЛЬ» АТАНДЫ!

02.06.2026

Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры үшін үлкен қуаныш пен зор мәртебе!

 Уланбек Баялиевтің режиссерлігімен сахналанған  «ROMEO and JULIET» синема-эпосы Санкт-Петербург қаласында өткен XXVII Халықаралық «Жастар. Театр. Фест» фестивалінде «Үздік спектакль» атанды.

22–29 мамыр аралығында өткен беделді фестиваль әлемнің түкпір-түкпірінен келген театр ұжымдарының басын қосты. Қазақстан, Беларусь, Тунис, Абхазия, Өзбекстан, Венгрия, Бразилия, Түркия, Армения және Ресей театрлары қатысқан халықаралық алаң заманауи театр өнерінің ең үздік үлгілерін ұсынды.

Фестиваль аясында Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры ұсынған «ROMEO and JULIET» қойылымы кәсіби шеберлігімен, ерекше режиссерлік шешімімен, кинематографиялық тілімен, сахналық мәдениетімен және актерлік ансамбльдің қуатты ойынымен көрермендер мен театр мамандарының жоғары бағасына ие болды.

Уланбек Баялиевтің режиссерлік интерпретациясы арқылы Уильям Шекспирдің мәңгілік шығармасы бүгінгі қоғамның өзекті мәселелерімен сабақтасып, халықаралық аудиторияға тың көзқарас пен жаңа көркемдік шешім ұсынды.

Үздіктер жиналған халықаралық фестивальде «Үздік спектакль» атану — шығармашылық ұжымның қажырлы еңбегінің, кәсіби ізденісінің және қазақ театр өнерінің биік деңгейінің айқын дәлелі.

Фестиваль барысында театрымыз тек спектакль ұсынып қана қоймай, ұлттық өнердің тереңдігін, қазақ театрының заманауи бағыттағы шығармашылық ізденістерін және сахналық эстетикасын халықаралық мәдени кеңістікте кеңінен таныта алды.

Бұл жеңіс — театрымыз тарихындағы маңызды белестердің бірі және алдағы жаңа шығармашылық жетістіктерге бастар үлкен қадам.

Театрымыздың шығармашылық ұжымын шын жүректен құттықтаймыз!

Біздің театрға қаншалықты жиі келесіз?